Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
[ скачать ]
XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басында бұрынғы Түркістан аймағында (Хиуа мен Бұқараны қоспағанда) 941 жаңадан қоныстанған поселкелер пайда болды. Бұл кезде Түркістанда орыс поселкелерінің әрбір тұрғынына 3,17 десятина егін егетін жерден келсе, жергілікті тұрғындарға (қазақ, өзбек, қырғыз және т. б.) 0,21 десятинадан ғана жер келді. Сөйтіп, ешқандай жері жоқ қазақ-қырғыз тақыр кедейлерінің үлкен тобы құрылды. Жетісу губерниясында көшіп келген орыс кулак шаруашылықтарының 90 пайызынан астамы қазақ кедейлерінің жалдамалы еңбегін пайдаланды. Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтар мен орыс-украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды шисленістірді, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады. 1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл Бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Ол патша чиновниктері мен жергілікті әкімдердің және байлардың зорлық-зомбылығы мен озбырлығын күшейтті. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқты. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді.