Сыртқы борыш және оның жай-күйін талдау
[ скачать ]
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық даму бағытының өзгеруі осы елдер ішінде қандай болса , әлемдік нарықта да соншалықты экономикалық өзгерістер туғызды. Дамушы елдерде қаржы құралдарының жетіспеуі, ал дамыған елдерде олардың молшылығы бір жағынан елдерде экономикалық әр сатыға бөлсе, екінші жағынан халықаралық қатынастардың дамуына әсерін тигізді. Халықаралық қатынастардың дамуы, өз негізінде, нашар дамыған елдердегі технологиялық процестің жылдамдауына ықпал жасады. Осы сыртқы қаржы құралдарын қолдануда ең маңыздысы халықаралық еңбек бөлінісін тереңдету, тиімді экономикалық механизмдерді жандандыру, мемлекеттік мүддемен байланысты стратегиялық бағдарды анықтау тәрізді экономиканы реформалаудың тактикалық мәселелерін кешенді шешу. Сонымен әлемдік тәжірибеден елдер экономикасы алдында туындаған нақты мәселелерді шешуде сыртқы құралдардың тиімді әрі орынды пайдаланудың үлгілі нәтижелеріне көз жеткізуге болады. Осыдан келіп өтпелі экономикадағы елдер, оның ішінде Қазақстан да, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығуда сыртқы қаржы құралдарын маңызды факторлардың бірі есебінде қарастыра бастады.
Алайда көптеген елдерде қарыз капиталы түріндегі қаржылық құралдар ағымының өсуі жаңа бір мәселені – сыртқы қарыз немесе сыртқы берешек мәселесін туғызды. Ал дамушы елдерде сыртқы берешектің өсуі ірі ғалами экономикалық мәселелердің біріне айналды, яғни валюта-қаржылық мәселеден елдердің басым көпшілігінің мүдделерін қозғайтын халықаралық мәселеге айналды.
Қарыз мәселесінің шиеленісуі дамушы елдерге қандай болса, дамыған елдерге де соншалықты әсер ететін, тіптен бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін соңы насырға шабатын экономикалық және саяси зардаптар әкелуші дағдарысты жағдайларды жеңу жөнінде белгілі бір шаралар жасап, жүзее асыру қажеттіліктерін туғызды.
Қарыздық реттеудің халықаралық механизмдері халықаралық валюта-несиелік қатынастарға айтарлықтай әсер ете отырып қарыз дағдарысын сәл де болса бақыланатын жағдайға ауыстыруға ықпал жасады. Әйткенде де қарыз мәселесі созылмалы түрге ие болып дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайына, жалпы әлемдік экономика жағдайына кері әсерін тигізуде.
Сондай-ақ тәуелсіз экономикалық даму кезеңіне аяқ басқан Қазақстан Республикасы да сырттан қарыз құралдарын тарту саясатын белсенді жүргізе бастады. Осы мақсатта мемлекеттің құқықтық, саяси, экономикалық, ұйымдастыру мүмкіндіктері жұмылдырылды. Сыртқы құралдарды тарту үшін сыртқы секторды дамытудың заңды және институционалды негізі жасалынды.