Салықтың экономикалық мәні, мазмұны, атқаратын қызметтері, түрлері
[ скачать ]
КІРІСПЕ
Мемлекеттің тұрақты экономикасын құруда салықтар маңызды орын алады. Экономикалық мазмұн тұрғысынан салық дегеніміз тұрғын, кәсіпорын (фирма) мен ұйымдардан заңға негізделіп алынатын міндетті төлем жүйесі. Салық мәселесі мен салық салудың тамыры ғасырларға тереңдеп кеткен. Салық – нарықтық қатынастардың бір бөлігі, оның қызмет етуі елдегі экономикалық реформалардың нәтижелілігімен тығыз байланысты. Өз кезегінде жүргізілген салықтық реформаның тиімділігі мемлекеттің экономикалық дағдарысын, проблемаларын шешуші қызметін атқаруда. Яғни салық – бұл белгілі бір көлемде, белгілі бір мерзімде жалпы мемлекеттік қажеттіліктер үшін өкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде бюджетке төленетін заңды және жеке тұлғалардың қайтарымсыз төлемдері.
Салық мәселесімен А.Нұрымов, Б.Ермекбаева, Н.Мамыров, К.Ілиясов, Ө.Шеденов, Құлпыбаев сияқты белгілі ғалымдар айналысады.
Бүгінгі күні еліміздің салық жүйесі біршама өзгерістерге ұшырап, дамып және нығайып келеді. Мысалы, 2006 жылғы Елбасының Жолдауына зерделей үңілгенде мұндағы әр тұжырым мұқият зерттеулермен, сараптаулармен, нақты болжаулармен түйінделгенін ұғынамыз. Президент биылғы Жолдауында Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекеттерінің қатарына қалай қосылуы жолындағы негізгі жеті басым бағытты айқындаған екен. Сол басымдардың ішінде салық мәселесіне біршама өзгерістер енгізілді. Екінші басым бағыт Қазақстанды жаңа белеске көтеру-тұрлаулы экономикалық өрлеудің іргетасы болмақ. Яғни экономикалық саланы жаңарту және жаңғырту, қарқынды дамыту жолдарын ұстануымыз қажет деп қарастырылған. Мысалы, екінші басымдықты нақты іске асару мақсатында Президент Үкіметке мыналарды тапсырды:
1. Валюталық операцияларды жүзеге асару тәртібін оңайлату арқылы
«Валюталық реттеу туралы»Заңға тәуелді актілерді әзірлеу жұмыстарын аяқтайтын болсын.
2. 2007 жылдан бастап қосымша құн салығының ставкасын 1% -ға , ал 2008-2009 жылдары қосымша тағы да 1-2%-ға азайту.
3. 2008 жылдан бастап әлеуметтік салық шамамен 30% -ға азайтылып, ол жұмыс берушілерді жұмысшылар жалақысын өсіруге ынталандыруы керек.
4. 2007 жылдан бастап, барлық жеке тұлғалар үшін табыс салығының 10%-дық белгіленген мөлшерлемесі енгізілсін. Еңбек ақысы аз жұмысшылар санатының табыс деңгейін сақтау мақсатында айлық есептік көрсеткіштің орнына олардың салық салынатын табысынан ең аз жалақы мөлшерін алып тастауды ұсынамын.
5. 2007 жылдың 1 қантарынан бастап шағын бизнес субъектілері үшін салық салудың кемітілген бірыңғай мөлшерлемесі енгізілсін.
6. Алты ай ішінде жоғарыда айтылған Салық қызметінің арнайы бөлімін құру жөнінде нақты ұсыныс әзірленсін және т.б.
Осы аталған мәселе – дипломдық жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Салықтар – мемлекет қаржысының тұрақты қайнар көзі болып табылады. Мемлекет салықтарды экономиканы дамыту, тұрақтандыру барысында қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланады. Салықтар мемлекеттің егемендігінің бір көрінісі. Осынысымен салықтар мемлекет меншігі мен заемдарынан түсетін табыстан ерекшеленеді.
Дипломдық жұмыстың мақсаты – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі салықтардың алатын орны мен рөліне талдау жасау болып табылады.